
Бангкокта (Таиланд) өтіп жатқан U19 және U22 жас аралығындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Аяжан Ермек кемінде қола жүлде иемденді.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Аяжан тайлық Чавалук Соннуммен кездесті.
Жекпе-жектің алғашқы раундында-ақ Ермек қарсыласын нокдаунға түсіріп, басымдығын көрсетті. Ал үшінші раундта төреші екі мәрте есеп ашуға мәжбүр болды. Тай боксшысы өз алаңында өнер көрсеткенімен Ермектің үстемдігі айқын болды.
Нәтижесінде барлық төрешілер бірауыздан жеңісті Аяжанға берді. Осылайша ол жартылай финалға шықты және кем дегенде қола медальді қоржынға салды.
Айта кетейік, 2024 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында да Аяжан Ермек чемпион атанған. Яғни, бұл — оның құрлықтық деңгейдегі екінші ірі жетістігі.