
Кәсіпқой бокста 8 жеңіс (6 нокаут) тіркеген әрі елдегі ең сымбатты спортшы қыздардың бірі Балауса Мұздыманның келесі жекпе-жегі белгілі болды.
Балауса 5 қыркүйек күні Алматыда өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Бұл кешті әйгілі боксшы Әли Ахмедовтің промоушені ұйымдастырады. Жекпе-жекке қарсылас әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Балауса Мұздыман соңғы рет 6 мамырда Алматыда жекпе-жек өткізіп, мысырлық Айя Рамаданды (4-1, 0 КО) бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірген. Осы жеңістен кейін боксшы қыз жеңіл салмақта әлем чемпиондығы белбеуі үшін таласуға дайын екенін мәлімдеген.
“Мақсатым — әлем чемпионы атану. Жанкүйерлерімнің қолдауы – менің басты мотивациям”, — деді Мұздыман соңғы жекпе-жектен кейін.
Бұл бокс шоуы аясында Әли Ахмедовтің өзі де рингке шығуы мүмкін. Сонымен қатар, кеште бірқатар қазақстандық кәсіпқой боксшылардың жекпе-жектері өтеді деп күтілуде.