Қазақ балуаны қырғыздың мықтысын жеңді (ВИДЕО)
Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан грек-рим күресінен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы финалисін анықтады.
Алматбек Аманбек сенсация жасады
72 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген Алматбек Аманбек турнирдің басты жаңалықтарының біріне айналды. Алматы облысының өкілі жартылай финалда өте тәжірибелі әрі титулды қырғыз балуаны Амантур Исмаиловты жеңіп, финалға жолдама алды.
Айта кетейік, Исмаилов 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, 2021 жылғы Азия чемпионы, 2022 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері. Осындай деңгейдегі қарсыласты жеңу — қазақстандық балуан үшін үлкен жетістік әрі турнирдегі басты сенсациялардың бірі.
Тартысты белдесу қалай өтті
Жартылай финалдағы кездесу өте шиеленісті өтті. Аманбек кілем иесіне қарсы белдесуде сабырлық танытып, нәтижесінде 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін қазақ балуаны ширек финалда қытайлық Донг Лиді дәл осындай 3:1 есебімен жеңген.