Зарина Толыбай жылдам нокаутпен Азия чемпионатының финалына шықты
Қазақстандық боксшы Зарина Толыбай Джакартада өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалында сенімді жеңіске жетті. Отандасымыз Вьетнам өкілін бірінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, финалға жолдама алды.
Индонезия астанасы Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Зарина Толыбай 19 жасқа дейінгі қыздар арасында 80 келіден жоғары салмақта рингке шықты.
Финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Зарина Толыбай Вьетнам боксшысы Зи Гунх Анх Лемен жұдырықтасты.
Қазақстандық спортшы жекпе-жекті өте белсенді бастап, алғашқы минуттардан-ақ қарсыласына қысым жасады.
Бірінші раундтың өзінде Зарина Толыбай қарсыласын үш рет нокдаунға түсірді. Осыдан кейін рингтегі төреші кездесуді жалғастыру қауіпті деп санап, жекпе-жекті тоқтатты. Нәтижесінде қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Қазақстандық боксшы алтын медаль үшін жұдырықтасады
Бұл жеңістен кейін Зарина Толыбай U19 Азия чемпионатының финалына шықты.
Ақтық сынға шығу арқылы Зарина Толыбай Қазақстан құрамасына кемінде күміс медальді қамтамасыз етті.
Азия чемпионаты Джакартада өтіп жатыр
Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының құрлықтық құрылымы — Asian Boxing аясында ұйымдастырылып жатыр.
Бұл форматтағы турнир екінші рет өтуде. Алғашқы чемпионат 2025 жылдың тамызында Бангкокта ұйымдастырылған еді. Биылғы дода Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатыр.