Қазақ боксшысы қырғыз қарсыласын тоқтатып, Азия алтынына бір қадам қалды (ВИДЕО)
Әділ Асқанбай Джакартада Азия чемпионатының жартылай финалында Нұрсұлтан Дүйшөнәлиевті жеңді.
Финал жолдамасы үшін айқас
Индонезия астанасы Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әділ Асқанбай финалға шығу үшін қырғызстандық Нұрсұлтан Дүйшөнәлиевпен жұдырықтасты.
Жекпе-жектің алғашқы раундында қос боксшы ашық айқасқа көшіп, бір-біріне жиі соққы бағыттады. Қазақстан құрамасының бапкері Бақыт Сәрсекбаев шәкіртінің мұндай тактикасына көңілі толмағанын байқатты.
Соған қарамастан төрешілер алғашқы үш минуттың қорытындысы бойынша Әділ Асқанбайдың басымдығын бірауыздан мойындады.
Төрешілердің бөлек шешімімен жеңіс тіркелді
Екінші раундта қырғызстандық боксшы белсенділігін арттырып, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Дегенмен Әділ Асқанбай жекпе-жек тізгінін уысынан шығармай, шешуші сәттерде дәл соққыларымен ерекшеленді.
Нәтижесінде қазақстандық былғары қолғап шебері төрешілердің бөлек шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетіп, U19 санатындағы Азия чемпионатының финалына шықты.
Айта кетейік, жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымына қарасты Asian Boxing ұйымының ұйымдастыруымен екінші рет өтіп жатыр. Алғашқы турнир 2025 жылдың тамыз айында Таиланд астанасы Бангкокта ұйымдастырылған.