Ақжүрек Қалабай Азия чемпионатында әдемі стильде ринг қожайынын жеңді (ВИДЕО)
U19 санатында өнер көрсететін боксшы жартылай финалда индонезиялық Виктор Венгкангтан басым түсті.
Финал жолдамасы сарапқа салынды
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ақжүрек Қалабай финал жолдамасын ринг қожайыны Виктор Венгкангпен сарапқа салды.
Жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болған Венгканг жекпе-жекті белсенді бастап, алға ұмтылды. Ол көп соққы бағыттауға тырысса, Ақжүрек қарсыласын дәл қарсы соққылармен күтіп алды. Бірінші раундтың қорытындысында төрешілердің үшеуі қазақстандыққа басымдық берді.
Қалабай қарсы шабуылда шеберлік танытты
Екінші раундта Ақжүрек Қалабай тактикалық тұрғыдан сауатты жұдырықтасты. Екінші нөмірде жұмыс істеп, қарсыласының шабуылдарын дәл қарымта шабуылдармен тоқтатты. Оның бірнеше таза соққысы нысанаға тиіп, төрешілер бұл раундты бірауыздан Қалабайдың пайдасына жазды.
Венгкангқа үшінші раунд алдында жеңіске жету үшін нокаут қажет болды. Дегенмен Ақжүрек Қалабай жекпе-жектің соңғы бөлігін де бақылауда ұстап, қарсыласына жағдайды өзгертуге мүмкіндік бермеді. Осылайша Қазақстан құрамасына кемінде күміс жүлде әкелді. Енді ол құрлық чемпионы атағы үшін шешуші жекпе-жек өткізеді.
Айта кетейік, жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымына қарасты Asian Boxing ұйымының ұйымдастыруымен екінші рет өтіп жатыр. Алғашқы жарыс 2025 жылдың тамыз айында Бангкокта өткен.