"Чемпион бол!": Жәнібек Әлімханұлы Мейірім Нұрсұлтановқа қолдау көрсетті
Қазақстандық боксшы 20 қыркүйек күні америкалық Хесус Рамос-младшиймен жұдырықтасады.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы титулдық жекпе-жекке ресми түрде мүмкіндік алған Мейірім Нұрсұлтановқа қатысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында отандасына сәттілік тілеп, әрдайым қолдайтынын жазды.
Жәнібек Нұрсұлтановқа қолдау көрсетті
Жәнібек Әлімханұлы Instagram желісіндегі сторисінде Мейірім Нұрсұлтановтың титулдық айқасына қатысты қуанышын жеткізді.
"Бауырым үшін өте қуаныштымын! Тек сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін! Бұйырса чемпион болып, ел мерейін асқақтата берсін! Тілеулеспін!" — деп жазды Әлімханұлы.
Мейірім Нұрсұлтановтың келесі қарсыласы америкалық Хесус Рамос-кіші болады.
Жекпе-жек WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы "уақытша" әлем чемпионы атағы үшін өтеді. Қазіргі таңда бұл белбеу Рамосқа тиесілі.
Жекпе-жек қашан және қайда өтеді?
Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы айқас Қазақстан уақытымен 20 қыркүйек күні таңертең өтеді. Кездесу АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында орналасқан Pechanga Arena аренасында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрмеген. Қазақстандық боксшының рекорды — 20 жеңіс, 0 жеңіліс. Оның 11 жеңісі нокаутпен аяқталған.
Ал Хесус Рамос-кішінің көрсеткіші — 24 жеңіс және 1 жеңіліс. Америкалық боксшы 19 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.