Бекзат Алмахан UFC ростерінен шығарылды
Әзірге спортшы мен промоушен арасындағы келісімнің тоқтатылғаны туралы ресми мәлімдеме жарияланған жоқ.
Қазақстандық файтер Бекзат Алмаханның UFC-дегі болашағына қатысты ақпарат шықты. Инсайдерлердің мәліметінше, отандасымыз әлемдегі ең ірі ММА промоушенінің ростерінен алынып тасталған.
Бұл туралы алғашқылардың бірі болып Х әлеуметтік желісінде Krazy Kev MMA лақап атымен танымал инсайдер хабарлады. Кейін бұл ақпаратты Agent MMA да жариялады.
Алмахан UFC-де қашан дебют жасады?
Бекзат Алмахан UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін 2024 жылдың наурыз айында өткізді. Содан бері қазақстандық файтер әлемдегі ең беделді ММА ұйымында төрт рет октагонға шықты. Оның нәтижесі — бір жеңіс және үш жеңіліс.
Алмахан соңғы рет биыл маусым айында Әзербайжан астанасы Бакуде өткен UFC Fight Night 280 турнирінде өнер көрсетті.
Сол кездесуде қазақстандық спортшы бразилиялық Жан Мацумотомен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған айқаста төрешілер бірауыздан Мацумотоның жеңісін тіркеді.
Қазіргі рекорды қандай?
Бекзат Алмаханның кәсіпқой ММА-дағы жалпы рекорды — 12 жеңіс және 4 жеңіліс.
Ал UFC-дегі көрсеткіші 1 жеңіс және 3 жеңіліс. Дәл осы нәтиже оның промоушендегі болашағына әсер еткен болуы мүмкін.