Хабиб Нурмагомедов мансабындағы ең ауыр жекпе-жекті атады
UFC-дің жеңіл салмақтағы экс-чемпионы кәсіби мансабындағы ең қиын жекпе-жек қайсысы болғанын айтты.
Макгрегормен жекпе-жек нағыз психологиялық сынақ
Нурмагомедов бұл туралы Лекс Фридманға берген сұхбатында айтты. Хабибтің сөзінше, 2018 жылы Конор Макгрегормен өткен кездесу сол кезеңдегі ең ауыр айқастардың бірі болған.
"Жекпе-жектің жүз пайызы – психология. Сол сәтте Конормен кездесу психологиялық тұрғыдан мен үшін ең ауыр жекпе-жек болды. Бірақ кейін Гейджиге қарсы одан да қиын айқас өткіздім", – деді Нурмагомедов.
Макгрегор мен Хабиб арасындағы жекпе-жек UFC тарихындағы ең көп талқыланған кездесулердің біріне айналған еді.
Әкесінің қазасы Гейджимен айқас алдындағы дайындықты қиындатты
Нурмагомедов Джастин Гейджиге қарсы кездесудің ауыр болуына бірнеше фактор әсер еткенін жеткізді. Соның ең бастысы – әкесі әрі жаттықтырушысы Абдулманап Нурмагомедовтың өмірден өтуі.
"Бірінші кезекте әкемнен айырылғаннан кейін өзімді жинау өте қиын болды. Дайындықты онсыз өткізуге тура келді. Мен спортпен айналысып, чемпион болғым келген адамның өзі әкем еді. Ең алдымен оған әлемдегі ең мықты бола алатынымды дәлелдегім келетін", – деді Хабиб.
Оның айтуынша, жаттығу жиыны кезінде денсаулығына байланысты қиындықтар да болған.
Соңғы жекпе-жек
Хабиб дайындық барысында жарақаттар мазалағанын, алайда психологиялық тұрғыдан барынша жинақы болуға тырысқанын айтты.
"Жаттығу лагері де оңай болған жоқ. Денсаулығым сыр берді, жарақаттың артынан жарақат алдым. Бірақ психологиялық тұрғыдан дайын болдым. Ол кезде бұл менің соңғы жекпе-жегім екенін ешкім білмеді. Өзім үшін бәрін сол жерде аяқтауым керек екенін түсіндім", – деді бұрынғы UFC чемпионы.
Нурмагомедов анасына қайтадан осындай күйзелісті бастан өткерткісі келмегенін де атап өтті. Сондықтан Гейджимен кездесуден кейін мансабын аяқтау туралы шешім қабылдаған.
Хабиб Макгрегор мен Гейджиді қалай жеңді?
Хабиб Нурмагомедов 2018 жылдың қазанында UFC 229 турнирінде Конор Макгрегормен кездесіп, төртінші раундта қарсыласын берілуге мәжбүр етті.
Ал 2020 жылдың күзінде Джастин Гейджиге қарсы октагонға шықты. Хабиб бұл жекпе-жекте де мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, UFC-дегі чемпиондық белбеуін қорғады.
Айқастан кейін Нурмагомедов кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Ол мұндай шешімге анасына әкесінсіз қайта жекпе-жекке шықпауға уәде бергеннен кейін келгенін түсіндірді.
Хабиб Нурмагомедов MMA мансабын 29 жеңіс және 0 жеңіліс көрсеткішімен аяқтады.