300-ден астам балуан қатысады: Бакуде қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді
22-23 тамыз күндері Әзербайжан астанасы Бакуде ересектер арасында қазақ күресінен XII әлем чемпионаты өтеді.
Дүбірлі дода Baku Sports Palace спорт кешенінде ұйымдастырылады. Әлем чемпионатына 30-ға жуық елден 300-ден астам спортшы қатысады. Екі күнге созылатын бәсекеде ерлер мен әйелдер арасында барлығы 16 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады.
Салмақ дәрежелері
Ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ санаттарында белдеседі.
Ал әйелдер арасында 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және 77 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде чемпиондар анықталады. Жарыстың екі күнінде де іріктеу және жартылай финалдық белдесулер, финалдық кездесулер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімдері өтеді.
Қазақстан құрамасы жүлдеге таласады
Чемпионатты Qazaq Kuresi қауымдастығы Әзербайжанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бірлесіп, United World Wrestling халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес өткізеді. Бакудегі әлем чемпионатында Қазақстан атынан ел ішіндегі және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған үздік балуандар өнер көрсетеді.
Еске салсақ, бұған дейін қазақ күресінен 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты және 2 Африка чемпионаты өткізілді. Халықаралық жарыстар Қазақстаннан бөлек Иран, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да мемлекеттерде ұйымдастырылған.