UFC нокаутері Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақырды
Ал Шавкат Рахмонов 2024 жылы ауыр жарақат алуына байланысты октагонға шықпай жүр.
UFC-де жеңіліп көрмеген эквадорлық файтер Майкл Моралес (19-0) жартылай орта салмақтағы алдағы жоспарын айтып, қазақстандық Шавкат Рахмоновпен (19-0) кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
Моралес алдымен чемпиондық белбеу үшін күрескісі келетінін жеткізді. Алайда дивизиондағы жағдай басқаша өрбісе, 2027 жылы Рахмоновпен жекпе-жек өткізуді көздеп отыр.
"Шавкат – бұл дивизионның финалдық боссы"
Эквадорлық спортшы Исламға және Карлос Пратеске үндеу жасап, алдымен Пратеспен кездесуге дайын екенін айтты.
"Пратес, UFC саған менімен жекпе-жек ұсынбағанын айттың. Мені бірінші раундта нокаутқа түсіретініңді де айттың. Жақсы, онда осы жекпе-жекті ұйымдастырайық. Сен де белбеуді қалайсың, мен де белбеуді қалаймын. Келесі үміткердің кім екенін анықтайық", – деді Моралес.
Одан кейін Шавкат Рахмоновпен жұдырықтасуға дайын екенін де жасырмады.
"Егер сендердің басқа жоспарларың болса, менде 2027 жылға арналған жекпе-жек бар. Бұл дивизионның финалдық боссы – Шавкат Рахмонов. Мені қайдан табуға болатынын білесің", – деді эквадорлық файтер.
Шавкат Рахмонов 2024 жылдан бері жекпе-жек өткізген жоқ
Шавкат Рахмонов ауыр жарақат алып, операциядан кейін ұзақ уақыт қалпына келуіне байланысты октагонға шықпай жүр.
Қазақстандық файтердің соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың желтоқсанында өтті. Ол кезде Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.