Нұржан Насанов боксшылардың Азиададағы нәтижесін бағалады
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Жапониядағы Азия ойындарында команданың өнеріне көңілі толатынын айтты.
"Бұл – бүкіл команданың еңбегі"
Насановтың айтуынша, Азия ойындарына дайындық аясында құрама АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізген. Бапкерлер боксшылардың тактикалық дайындығымен қатар, психологиялық әзірлігіне де назар аударған.
"Ерлер құрамасы 12 жылдан кейін Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұл мақсатқа жеттік. Екі алтын мен бір қола – бапкерлердің, басшылықтың және бүкіл қызмет көрсету тобының ортақ еңбегі", – деді Нұржан Насанов.
Азиадада Қазақстан намысын алты боксшы қорғады.
Қазақстанға жүлде әкелген боксшылар
Азия ойындарында Қазақстан ерлер құрамасы үш медаль иеленді:
- Төрехан Сабырхан – 70 келіге дейінгі салмақта алтын;
- Айбек Оралбай – 90 келіден жоғары салмақта алтын;
- Махмұд Сабырхан – 55 келіге дейінгі салмақта қола.
Осы нәтижемен боксшылар медальдық есепте екінші орынға тұрақтады.
Өзбекстан құрамасы көш бастады
Бірінші орынды екі алтын, бір күміс және екі қола алған Өзбекстан құрамасы иеленді. Үндістан мен Жапония бір алтын және екі қоладан жеңіп алып, үшінші орынды бөлісті.
Азиада-2026 бағдарламасында ерлер арасында алты салмақ дәрежесінде медальдар сарапқа салынды: 55, 60, 70, 80, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары.
Нұржан Насанов Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне 2026 жылдың қаңтарында кірісті. Оның жетекшілігімен команда Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте жеңіске жетті.