
Кристиан Хорнер 20 жыл бойы команданың тізгінін ұстап, ұжымды бұрын-соңды деңгейге көтерген болатын.
Формула-1 әлемінде соңғы онжылдықтағы ең ірі жанжал орын алды. Red Bull Racing командасы өзінің 20 жылдық көшбасшысы Кристиан Хорнермен қош айтысты.
Бұл жанкүйерлер үшін күтпеген жағдай. Хорнердің жетекшілігімен Red Bull төрт мәрте әлем чемпионы Макс Ферстаппеннің жеңіс жолын қамтамасыз етіп, Формула-1 тарихындағы ең ықпалды ұжымдардың біріне айналды. Бірақ соңғы айлардағы жанжалдар мен ішкі қайшылықтар басшылық құрамды бұл шешімге итермелеген.
Red Bull таратқан ресми мәлімдемеде Хорнердің еңбекқорлығы мен жаңашылдығы атап өтілді. Команда бұл шешімді ресми тергеу нәтижелерінен кейін қабылдаған.
2024 жылдың ақпанында Хорнерге қарсы Red Bull қызметкерлерінің бірі тарапынан «бақылаушы және манипулятивті мінез-құлық» жайлы ресми шағым түсіп, компания ішкі тергеу жүргізуге мәжбүр болды. Тергеу нәтижесінде Хорнерге тағылған айыптар дәлелденбегенімен, кейінгі оқиғалар жанжалды одан әрі ушықтырды.
Белгісіз дереккөз жүздеген жеке хабарламалар мен суреттерді Формула-1 шенеуніктеріне, БАҚ-қа және командаларға жолдап, команданың ішінде алауыздық барын көрсетті. Бұл ақпараттар Хорнер мен шағымданушы қызметкердің арасындағы жеке қатынасқа байланысты болғаны айтылып жүр.
Ішкі жанжалдармен қатар, Red Bull командасында билік үшін күрес жүріп жатқаны туралы болжамдар күшейе түсті. Команданың кеңесшісі Хельмут Марко мен Ферстаппеннің әкесі Йос арасындағы шиеленіс те жария болды. Йос Ферстаппеннің сөзі бойынша, «Хорнер басқарған команда ыдырау қаупінде тұр».