
Астанада көліктердің терезесіне ақша сұраған хабарламасы бар сүлгілер жаппай таратылуда. Бұл әрекет тұрғындар арасында қайырымдылық пен алаяқтықтың ара-жігін ажырату жайында қызу пікірталас тудырды.
Instagram желісіндегі @tanirbergen атты қолданушы елорда көшелерінде көліктерге ылғалды сүлгілер тастап кету оқиғалары жиілеп кеткенін жазды. Оның айтуынша, сүлгінің қаптамасында ауыр дертке шалдыққан адам жайлы хикая мен қаржылай көмек сұраған мәтін, сондай-ақ банк реквизиттері көрсетілген.
"Бұл нағыз қайырымдылық па, әлде сезімге әсер ететін алаяқтық па? Мен бұл деректің шынайылығына күмәнданамын", – дейді автор.
Ол өз өмірінде көмектесуге тырысатынын, алайда сенімді әрі нақты танитын адамдарға ғана жәрдем беретінін атап өтті.
Сол күні кешке автор тағы да дәл осындай сүлгілерді "Хан Шатыр" сауда орталығының тұрақ алаңынан тапқанын айтып, бұл әрекет "жүйелі түрде жүргізіліп жатқан" науқан болуы мүмкін екенін болжап отыр.
"Менің көлігім ғана емес, бұл жерде көптеген көлікке қойылған. Бұл алдын ала жоспарланған әрекет болуы мүмкін", – дейді ол.
Автор атап өткендей, мұндай жағдайда ешкім деректің рас-өтірігін тексермейді. Яғни сүлгідегі адамның шынымен ауырғаны, көмектің қажет екені не жоқ екені беймәлім. Оның пайымдауынша, алаяқтар интернеттен бейтаныс баланың суретін көшіріп алып, басқа адамның банк шотын көрсетіп қоюы да әбден мүмкін.