
Формула-1 жанкүйерлері үшін жағымды жаңалық: Михаэль Шумахердің ұлы Мик Шумахер 2026 жылдан бастап жарыс жолына қайта оралуы ықтимал.
Оның есімі Формула-1-ге кіруге дайындалып жатқан Кадиллак командасының тізіміндегі негізгі үміткерлердің қатарында аталды. Жаңа "Кадиллак" командасы оны болашақ пилот ретінде қарастыруда, бұл туралы ұжым басшысы Грэм Лоудон мәлімдеді.
Жаңа құрылып жатқан "Кадиллак" командасының басшысы Грэм Лоудон британиялық PlanetF1 басылымына берген сұхбатында Шумахердің мүмкіндігін жоғары бағалады:
«Мик – керемет жігіт. Өте сыпайы, өз ісіне берілген. Қазір мен оны жақсырақ таныдым. Ол әлі жас, бірақ Формула-1-де тәжірибесі бар. Бұл бұрын болғанымен, ол әлі де автоспортпен тығыз байланыста», – деді Лоудон.
"Кадиллак" командасы қазір түрлі нұсқаларды қарастырып жатыр. Миктен бөлек Серхио Перес, Вальттери Боттас, сондай-ақ жас таланттар Чжоу Гуанью мен Фелипе Другович те кандидаттар қатарында.
Мик Шумахер Формула-1-дегі дебютін 2021 жылы Haas командасы құрамында өткізген. Алайда 2022 жылғы маусым аяқталғаннан кейін ол жарыстарға қатысудан шеттетілді. Содан бері Шумахер Mercedes командасында қосалқы пилот ретінде қызмет етті және Alpine құрамында жаңартылған төзімділік жарыстарында (WEC – World Endurance Championship) өнер көрсетті.