
Белгілі блогер әрі продюсер Жахан Отарғалиев көпшілікпен көптен бері іште жүрген арманы жайлы бөлісті. Ол әлеуметтік желіде достық қарым-қатынастағы блогер Елдос "Колобокты" әке болуымен құттықтап, өзі де 16 жылдан бері сәбиді аңсап жүргенін айтты.
Желіде кең таралған бейнежазбада Жахан Елдостың жаңалығына шын қуанып, жүрекжарды тілегін білдіреді:
“Елдос үшін қатты қуандым. Видеосын көріп, бәріміз жыладық. Қандай ғажап сәт! Енді біз де үмітімізді үзбей, Алладан күтеміз. 16 жыл өтті, тағы да шыдаймыз. Алла бәрін көріп, уақытында береді. Досыма әрқашан қолдау білдіріп келемін”, – деп ағынан жарылды ол.
Жаханның айтуынша, ол досының бейнежазбасына ерекше әсерленіп, болашақ сәбидің жынысын анықтайтын “gender party” жоспарын да ойластырып қойған. Бұл сөздер көпшіліктің жүрегіне жетіп, қолдау толқынын туғызды.
Блогер өмірдің шынайы құндылықтары жайлы да ой қозғап, оқырмандарын шүкіршілікке шақырды:
“Қазір баласы бар жандар, шүкіршілік етейік. Ақша мен байлық уақытша, ал отбасы – өмірдің тірегі. Маған танымайтын жандар да тілек айтып, дұға жасайтынын білдіруде. Бұл – мен үшін үлкен қолдау. Алла қаласа, бізге де қуанышты жаңалық бұйырады”, – дейді ол сеніммен.
Инстаграм мен TikTok-тағы жазбаның астына мыңдаған пікір жазылған. Желі қолданушылары Жаханға ыстық лебізін білдіріп, жаппай қолдау көрсетуде:
“Видеоны көріп, бірден есіме сіз түстіңіз. Шын жүректен дұға жасадым”,
“Сізге де ата-ана болу бақыты бұйырсын”,
“Халық болып тілек тілейміз, егіз ұл болсын!” – деп жазды оқырмандар.