
Белгілі әнші Төреғали Төреәлі жұбайы Толқын Тұрарбекқызымен бірге жаңа әлеуметтік бастама көтерді. Өнер иесі өзінің 33 жасқа толған кешінде «Кәусар» атты қайырымдылық қорының құрылғанын жария етті.
Төреғали мен Толқынның айтуынша, қордың негізгі мақсаты — ерекше күтімді қажет ететін балаларға және олардың отбасыларына қолдау көрсету.
Жоба олардың жеке өмірінен шабыт алған. Өнер иесінің тұңғыш қызы — Кәусар, ДЦП диагнозымен өмір сүріп жатыр.
«Кәусар бізге өмірдің шынайы мәнін ұқтырды. Ол әлсіздік емес, керісінше мейірім мен сенімнің символы. Сондықтан біз осы қорды аштық», – деді Толқын Тұрарбекқызы.
Төреғали Төреәлі алдағы үлкен гастрольдік турға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Әр концерттен түскен табыстың 10 пайызы «Кәусар» қорының есепшотына аударылатын болады.
Бұл бастама – өнердің тек сахнада емес, қоғамға да қызмет етуі мүмкін екенін дәлелдейтін игі үлгі.
Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып продюсер Жан Мұқанов тағайындалды. Ол жобаның рухани және ұйымдастырушылық бағыттарына жетекшілік етеді.
Толқын Тұрарбекқызының айтуынша, қор сөзбен емес, нақты іспен әрекет етуді мақсат тұтады:
«Бұл қор – мейірім мен үміттің мекені болады. Біз өз тәжірибемізді бөлісіп, басқа ата-аналарға қолдау көрсеткіміз келеді».