
Жазда шай – денсаулыққа пайдалы, сергітетін және шөлді басатын табиғи таңдау. Тек өз ағзаңыздың ерекшелігін ескере отырып, дұрыс түрін таңдауды ұмытпаңыз.
Көптеген зерттеулер күніне 2-3 кесе шай ішу оның пайдалы қасиеттерін толық пайдалануға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Алайда, шайдің түрі, қайнату уақыты, сондай-ақ адамның жеке ерекшеліктері – дәрі қабылдауы немесе кейбір аурулардың болуы – шайдың ағзаға әсеріне ықпал етуі мүмкін.
Кофеинге жеке төзімділік маңызды рөл атқарады. Жалпы ұсынылатын тәуліктік шекті мөлшер – 300 мг, бірақ кейбір адамдарда бұл мөлшерден әлдеқайда төмен деңгейде де мазасыздық, ұйқысыздық сияқты жағымсыз әсерлер байқалуы мүмкін. Сондықтан, әр адам өзіне лайықты шай түрін және кофеин мөлшерін жеке анықтауы керек.
Жасыл шай мен ақ шай – антиоксиданттарға бай, жүрек-қантамыр жүйесін қорғайтын полифенолдардың мықты көзі. Жасыл шайдың құрамындағы EGCG (эпигаллокатехин галлат) терінің, тоқ ішектің, ұйқы безінің, сүт безінің, қуық безі мен бауырдың қатерлі ісігін алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар, ол ісінуді азайтады, метаболизмді жылдамдатады және сергіткіш әсер береді. Мамандар жасыл шайды таңғы аста 1 кесе мөлшерінде ішуге кеңес береді.
Ақ шай – иммунитетті нығайтатын күшті антиоксиданттар көзі.
Жалбыз шайы – жазда шөлді жақсы басатын, сергіткіш және бальзамдық әсері бар сусын. Ол іштің кебуін, жүрек айнуын, құрысу сезімін жеңілдетуге көмектеседі. Жалбыз шайы суық тию, жөтел, тамақ ауруы мен бас ауруында да тиімді. Сонымен қатар, жүйке жүйесіне тыныштандырғыш әсер етіп, күйзелісті азайтады.
Қара шай – дәрумендер мен минералдарға бай. Оның құрамындағы теофиллин және теобромин мидың жұмысын жақсартып, зейінді арттырады, ойлау қабілетін күшейтеді, энергия береді. Сонымен бірге, оның антиоксиданттық қасиеті тері мен шаштың күйіне оң әсер етеді. Қара шай ас қорытуды жақсартады және зат алмасуды белсенді етеді.
Матча шайы – антиоксиданттар мен L-теанинге бай, жаз мезгілі үшін таптырмас сусын. Кофеинді баяу бөле отырып, энергияны ұзақ уақыт бойы сақтап, когнитивті функцияларды жақсартады. Матчаның құрамындағы хлорофилл токсиндерді шығаруға көмектеседі, теріні жарқыратып, саулықта ұстайды.
Ройбуш шайы, немесе қызыл шай – кофеин мен теинсіз, тәттілеу, жемісті дәмі бар сусын. Ол антиоксиданттарға, С дәруменіне және минералдарға бай.
Ройбуш – ұзақ өмірдің кілті болуы мүмкін. Оның құрамындағы кверцетин жүрекке пайдалы, ал антиспазмодиялық және вирусқа қарсы әсері ағзаны қорғайды. Сонымен бірге, ол калориясыз, табиғи тыныштандырғыш әсері бар.
Қазақ халқы үшін шай – тек сусын емес, дәстүр, қонақжайлық пен күнделікті өмірдің бір бөлшегі. Таңертеңгі астан кешкі отырысқа дейін шай ішу – санамызға сіңіп кеткен әдет. Алайда, шай ішкенде тек дәм мен салт емес, денсаулығымызды да ескергеніміз жөн. Әр адам ағзасының ерекшелігін, созылмалы ауруларын және дәрі қабылдауын ескере отырып, өзіне қолайлы шай түрін таңдауы қажет.
Арпа шайы – қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлі сусыны. Арпа қуырылып, шәймен немесе сүтпен араластырылып ішілген. Бұл сусын шәй мен ботқаның арасында бірдеңе іспетті болған.
Қалай дайындалады? Арпа алдын ала аздап қуырылады, ұнтақталып (немесе бүтін күйінде) қайнатылған суға қосылады. Үстінен сүт құйылып, шәй секілді ішіледі. Кейде тұз қосып, кейде тәттілендіріп ішкен.
Тары шайы – көбінесе балаларға, ауырған немесе әлсіреген адамдарға берілетін өте пайдалы, жеңіл әрі сіңімді тағам. Бұл да шай мен ботқаның ортасындағы нұсқа. Қазақтың кей өңірлерінде «сүт тары», «тары көже» деп те аталады.
Қалай дайындалады? Тары алдын ала қайнатылады немесе сүтке қосылып асылады. Кей жағдайда аздаған шәй қосылып, шәй-тұнба ретінде ұсынылады. Көп жағдайда тұзсыз, жұмсақ дәммен, балаға беруге лайықталады.
Жемісті шай – бұл кәдімгі шай емес. Ол – кептірілген жеміс-жидектер, гүлдер мен шөптер қоспасынан дайындалатын хош иісті, пайдалы және кофеинсіз сусын. Әсіресе шай ішкісі келіп, бірақ кофеиннен аулақ болғысы келетіндер үшін тамаша балама.
Табиғи тәтті дәм – қантсыз да дәмді шәй ішкіңіз келсе – керемет таңдау.
Қызыл жидектер шайы (малина, шие, итмұрын):
– Иммунитетке жақсы, тұмау кезінде көмектеседі.
– Тамақ ауруында жылы күйде ішу ұсынылады.
– Хош иісі – күшті, дәмі – тәтті-қышқыл.
Цитрусты шай (лимон, апельсин, бергамот):
– Сергітеді, ас қорытуды жақсартады.
– Витамин С көзі.
– Жазда салқындатып ішсе – нағыз детокс.
Тропикалық жеміс шайы (манго, ананас, маракуйя):
– Энергия береді, көңіл-күйді көтереді.
– Экзотикалық дәм іздегендер үшін таптырмас нұсқа.
Алма-корица шайы:
– Қыста – жылытып, тыныштандырады.
– Қан айналымына жақсы әсер етеді.
– Құрамында табиғи тәттілік бар.
Дайындау тәсілі: 1-2 шай қасық жеміс шәй қоспасын қайнаған суға (90–95°C) 7–10 минут тұндырыңыз. Қалауыңызша бал, лимон немесе жалбыз қосуға болады. Суытылған күйінде (айс-шәй ретінде) де ішуге болады.