
Жаңа спорт нысанының құрылыс жұмыстары келесі жылы желтоқсанда аяқталады деп күтілуде.
2026 жылы Атырау қаласы заманауи жаңа футбол стадионына ие болады. Бұл туралы Gooal.kz телеграм-арнасы ресми хабарлады.
Мәліметке сәйкес, еліміздің тиісті министрліктерінен барлық рұқсат құжаттары келіп түскен. Қазір ішкі басқару органдары мен қала әкімдігі құжаттарды мақұлдау процесін жүргізіп жатыр. Алдын ала жоспар бойынша, стадион құрылысы 25-30 сәуір аралығында басталады.
«Стадионның құрылысын шетелдік компаниялар жүргізеді. Сонымен қатар, отандық компаниялар да жобаға қатысады. Алайда қазақстандық тарап нақты қай құрылыс бөлігіне жауапты болатыны әзірге белгісіз», – делінген Gooal.kz таратқан хабарламада.
Жаңа стадионның құрылысы 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Жоба Атырау футболының жаңа деңгейге көтерілуіне серпін береді деп күтілуде.
Қазіргі таңда «Атырау» футбол клубы «Мұнайшы» орталық стадионында өз матчтарын өткізіп келеді. Алайда Премьер-лига командаларының бапкерлері, футболшылары және легионерлері бұл стадионның жағдайын жиі сынға алып жүр.