
Мұндай жағдайға команданың сүреңсіз ойыны себеп болған.
Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубы бас бапкер Александр Бразевичтің қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Клубтың мәлімдеуінше, белорусь маманымен бірге оның көмекшісі Игорь Тарловский де қызметінен кеткен.
«Қызылжар» футбол клубы бас бапкер Александр Бразевич пен оның көмекшісі Игорь Тарловскийге атқарған еңбегі мен команданың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді», – делінген хабарламада.
ҚПЛ-2025 маусымында «Қызылжар» төрт турдың қорытындысы бойынша бірде-бір жеңіске жете алмай, екі ұпаймен турнир кестесінде 11-орында тұр. Бұл сәтсіз бастама бапкерлік өзгеріске алып келген.
Бұған дейін БАҚ-та сербиялық маман Милич Чурчичтің «Қызылжардың» жаңа бапкері болып тағайындалуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Бұл ақпараттың ресми расталуы алдағы күндері белгілі болмақ.