
Қазақстан Премьер-Лигасында (ҚПЛ) өнер көрсететін "Ұлытау" ФК тізгінін тәжірибелі Нүркен Мазбаев ұстады. Бұл туралы команда ресми парақшасында хабарлады.
Жезқазғандық ұжым ресми мәлімдемесінде былай деп жазды:
"Нүркен Мазбаев бас бапкер болып тағайындалды. Ол – қазақстандық футболдың дамуына зор үлес қосқан, кәсіби футболшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де үлкен тәжірибеге ие маман".
Нүркен Мазбаев бұған дейін бірнеше қазақстандық клубта бапкерлік қызмет атқарған. Әсіресе жастар футболын дамытуға айрықша мән беріп келеді. Енді бұл тәжірибесін Жезқазған өңірінің футболына арнамақ.
Клуб мәліметіне сәйкес, оның көмекшісі болып Сергей Александрович Пак тағайындалды.
29 маусым күні "Ұлытау" бұрынғы бас бапкер Иван Азовскиймен қош айтысқан. Команда қазір ҚПЛ турнирлік кестесінде 12 ойыннан кейін 12 ұпай жинап, 12-орында тұр.