
Қазақстан Премьер-Лигасының 15-туры аясындағы "Ақтөбе" — "Атырау" кездесуіне қонақ ретінде бара жатқан "мұнайшылар" автобуспен 10 сағат жол жүріп барды.
"Атырау" ФК бас директоры Дидар Сыдықбектің мәлімдеуінше, жоспарланған әуе рейстері кейінге қалдырылғандықтан команда автобуспен жолға шығуға мәжбүр болған.
"Біз Ақтөбеге дейін шамамен он сағат жүрдік. Бірақ жігіттер рухын жоғалтпай, жол бойында да ұйымшылдық көрсетті," — деді ол клубтың медиа орталығына.
Ауыр сапарға қарамастан ойыншылар жанкүйерлеріне көңіл бөлді. Автографтар таратып, бірге естелікке суретке түсті. Команда бұл сәттерді бейнежазба арқылы желіде жариялады.
"Атырау" мен "Ақтөбе" арасындағы ойын 6 шілде күні сағат 20:00-де Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадионда өтеді.