
Лондондық "Арсенал" швециялық сұрмерген Виктор Дьёкерешті сатып алуға бір қадам қалды.
Журналист Давид Орнштейннің мәліметінше, келісімнің жалпы құны €76 млн-ға дейін жетуі мүмкін — €63+3 млн кепілдендірілген төлем және €10 млн бонус. Бұл трансферге ерекше нәрсе қосатыны — футболшының агенті өз комиссиясынан толық бас тартқан. Оның жалғыз мақсаты — шабуылшыны АПЛ-ге өткізу.
27 жастағы швед форварды өткен маусымда Еуропаның басты голеадорларының біріне айналды. «Спортинг» сапында 102 матчта 97 гол және 28 нәтижелі пас — мұндай көрсеткішке Арсеналдың шабуыл желісі соңғы жылдары қол жеткізе алған емес.
Микель Артета шабуыл шебіндегі тұрақсыздықты шешуге бел буған секілді. Жанкүйерлердің көбі Габриэль Жезус пен Нкетиаға сенімін жоғалтқан. Енді бәрі Дьёкерешке тіреліп тұр. Егер бұл трансфер жүзеге асса, «Арсенал» келесі маусымда титул үшін нақты күреске араласуы мүмкін.