
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) 2027 жылы өтетін УЕФА Суперкубогы немесе Конференция лигасының финалын қабылдау үшін ресми өтінім берді.
Марат Омаровтың айтуынша, УЕФА президенті Александр Чефериннің Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келуі ел футболы үшін маңызды бетбұрыс болды. Бұл жөнінде ҚФФ президенті Qazsport телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді,
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Чеферин арасында футболдың болашағына қатысты мазмұнды әрі терең пікір алмасу өтті”, – деді Омаров.
ҚФФ басшысы Астана мен Алматыны УЕФА-ның ірі халықаралық турнирін өткізуге лайық қалалар ретінде атап өтті:
“2027 жылы УЕФА Конгресін қабылдауға дайынбыз. Сонымен қатар Конференция лигасының финалы немесе Суперкубокты өткізу үшін ресми өтінім бердік. Қазір стадиондар салынып жатыр. Болашақта U-21 және U-19 құрамалары арасында Еуропа чемпионаттарын ұйымдастыру жоспарда бар”, – деді Марат Омаров.