
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров ел футболының дамуындағы басты бөгет не екенін ашық айтты. Ол жасөспірімдер спортынан бастап ұлттық құрамаға дейінгі жүйеде ең үлкен мәселе – инфрақұрылым тапшылығы екенін атап өтті.
Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиядан ауыр жеңіліс тапқаннан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен федерация басшысы оның өтініші бірден қабылданбайтынын жеткізді.
«Кім жаңа бапкер болады – бұл шешімді команда Бельгиядан оралған соң қабылдаймыз. Бізге экспат па, әлде жергілікті маман ба – бәрібір. Ең бастысы, құзыреті мен біліктілігіне қарай таңдаймыз», – деді Омаров.
Сонымен қатар қазіргі бапкердің белгілі бір міндеттерді орындағанын мойындады. Оның айтуынша, құраманың орташа жасы қазір 25–26 жас, яғни омыртқасы жасарып келеді. Бірақ нәтижелер көңіл көншітпейді.
Федерация президенті ұлттық құрама ойынындағы жеңілістен бөлек, футболды жүйелі дамытудың басты кедергісіне тоқталды.
«Ең үлкен мәселе – инфрақұрылым. Өкінішке қарай, бұл сұрақ ондаған жылдар бойы шешілмей келе жатыр. Президент ретінде менің ең үлкен міндетім – балалар мен жасөспірімдер футболының инфрақұрылымын дамыту», – деді Омаров.
Оның айтуынша, жүйелі жұмыс жалғаса береді, алайда нақты нәтижеге жету үшін елде футбол алаңдары мен оқу-жаттығу базалары жеткілікті деңгейде салынуы қажет.