
Қазақстан құрамасының қақпашысы Мұхаммеджан Сейсен Солтүстік Македониямен (1:1) өткен матчтан кейін әзілге толы сұхбат берді.
Еуропадағы кезекті тартысты ойыннан кейін Қазақстан құрамасының қақпашысы Мұхамеджан Сейсен өзіне тән қарапайымдылықпен және жамбылдық юмормен есте қалды. Бұл туралы match.kz Инстаграм-парақшасы хабарлады.
Ол матчтан кейін журналистер мен жанкүйерлерге жымиып тұрып былай деді:
«Мен Жамбылдың жігітімін ғой. Бізде бұл — қанымызда бар. Әкем де шапқан, атам да шапқан. Қазір қақпашылардың бәріне көлік беріп жатыр, ал маған ат сыйласа да риза болар едім!» — деп күлді Сейсен.
Естеріңізге сала кетейік, кешегі Солтүстік Македония – Қазақстан матчы күтпеген нәтижемен аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы ӘЧ-2026 жылғы іріктеу кезеңіндегі кезекті ойынында 1 ұпай еншіледі.
Жеті тур қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 7 ұпаймен «J» тобының төртінші сатысында орналасқан.
Солтүстік Македония 13 ұпаймен екінші орынға сырғыды. Ал Бельгия 14 ұпай жинап, көш бастап келеді.
Талғат Байсұфиновтың шәкірттері 15 қарашада Астанада Бельгия құрамасын қабылдайды.