
Кабо-Верде құрамасы ӘЧ-2026 жолдама алды. Бұл ел — турнирге шыққан халқы ең аз мемлекеттердің бірі, ал бұған дейін мұндай жетістікке тек Исландия (2018 жылы) жеткен еді.
Кабо-Верде құрамасы соңғы іріктеу ойынында Эсватини командасын 3:0 есебімен жеңіп, өз тобының көшбасшысы атанды. Африкадағы іріктеу ережесі бойынша топта бірінші орын алған команда тікелей жолдамаға ие болады.
Айта кетсек, Кабо-Верде бір топта Африканың ең беделді құрамаларының бірі — Камерунмен ойнаған. Олар өзара кездесулерде жеңісті алма-кезек бөлісті (4:1 және 0:1). Бірақ бес дүркін Африка чемпионы Камерун басқа матчтарда ұпай жоғалтып, топтан шыға алмады.
Дүниежүзілік банк дерегінше, Кабо-Верде халқы – 524 877 адам. Бұл — Қазақстанның бір ғана Ақтөбе қаласының тұрғындарынан да аз (581 200 адам, 2024 жылғы мәлімет). Салыстырмалы түрде айтсақ, Шымкент, Астана және Алматы сияқты миллионер қалаларымыздың тұрғындары бұл елден бірнеше есе көп.
Соған қарамастан шағын арал мемлекеті әлемдік футбол сахнасына жол ашып отыр.
2026 жылы өтетін әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылады. Бұл турнирге 48 ұлттық құрама қатыспақ — бұрын-соңды болмаған рекорд.
Алайда, қатысушылар саны артқанымен, кейбір мықты құрамалар турнирге өте алмай қалды. Олардың қатарында құрамында Александр Исак пен Виктор Дьекереш өнер көрсететін Швеция бар.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы да турнирге өте алмады. Соңғы ойында Македониямен тең түскеннен кейін команда топтағы екінші орынға шығу мүмкіндігінен айырылды.