АҚШ-тың "Интер Майами" клубы Лионель Мессимен келісімшартын 2028 жылға дейін ұзартқанын жариялады.
Осылайша Аргентиналық аңыз кем дегенде тағы үш маусым MLS-де өнер көрсететін болды.Бірақ бұл жаңалықтың артында футбол әлемін таңғалдырған бір ерекше дерек жатыр – жиырма жылдан астам кәсіби мансабында Месси ешқашан бір тиын да трансферлік ақы алмаған
Қазіргі футболда ойыншыларға жүздеген миллион еуро төленіп жатқан заманда, ең ұлы футболшылардың бірі саналатын Месси ешқашан ақылы түрде клуб ауыстырмаған. Ол бар-жоғы екі рет командасын ауыстырды — екеуінде де еркін агент ретінде.
Мессидің алғашқы әрі ең ұзақ кезеңі "Барселонамен" байланысты болды. Ол Каталония клубына 13 жасында "Ньюэллз Олд Бойздан” ешқандай төлемсіз келген. Сол кезден бастап ол футбол тарихындағы үздіктердің біріне айналды — 672 гол соғып, 778 матч өткізді және 35 трофей жеңіп алды. Оның ішінде 4 Чемпиондар лигасы мен 10 Ла Лига чемпиондығы бар.
2021 жылы "Барселона” қаржылық қиындықтарға байланысты келісімшартты ұзарта алмай, Мессимен қош айтысуға мәжбүр болды. Осылайша клуб өз тарихындағы ең ұлы ойыншысынан ешқандай өтемақысыз айырылып қалды.
Екі жылдан кейін дәл осындай жағдай қайталанды. Месси "Париж Сен-Жерменнен” де ақысыз кетті. 2023 жылы ол "Интер Майамиге” еркін агент ретінде қосылып, келісімшарт аясында Apple мен Adidas-пен бірлескен табыс үлесі мен клубтағы үлестік иелік мүмкіндігін қамтыған тарихи келісімге қол қойды.

Көптеген жұлдыз ойыншылар трансферлік рекордтардың ортасында жүрсе, Мессидің құны ешқашан ақша сомасымен өлшенбеген. Оның нағыз бағасы — адалдық, тұрақтылық және жанкүйерлерге сыйлаған эмоция.
Дегенмен, Мессидің әсері ақшадан әлдеқайда қымбат. "Интер Майамиге” келгеннен бері клубтың барлық көрсеткіштері еселеп артты – стадиондағы көрермен саны рекорд жаңартты, жейделер бірнеше минутта сатылып кетеді, ал Apple компаниясының MLS жазылымдары күрт өсті.
Жаңа келісім бойынша, Месси енді 41 жасқа дейін аладобын тебеді. Бірақ оның рөлі тек алаңмен шектелмейді — ол MLS-ті әлемдік деңгейге көтеруді мақсат еткен ұзақ мерзімді спорттық әрі коммерциялық жобаның маңызды бөлігіне айналып отыр.