Футболдан Қазақстан құрамасы 2025 жылдың соңғы ойынында Фарер аралдарымен кездесті.
Матч Хорватияның Пула қаласында өтті. Фарер аралдары кездесудің басынан-ақ қарқынды прессинг ұйымдастырды. Бірнеше бұрыштама орындап, шабуылдағы белсенділігін байқатты. Нәтижесінде Петур Кнудсен есеп ашты.
Қазақстан құрамасы допты ұзақ бақылағанымен алдыңғы шепте нақты қауіп төндіре алмады.
Ойынның сценарийі өзгерген жоқ. Юстинуссеннің қашықтан жасаған соққысы Шайзаданың қақпа маңдайшасына тиіп, қауіпті жағдай туғызды. «Ордабасы» қақпашысы бірнеше рет шеберлік танытты.
Ал біздің шабуылшылар тек сирек эпизодтарда қарсылас қақпасына жақындай алды. Бірақ нақты гол соғатын мүмкіндік жасай алмады.
Нәтижесінде — 1:0, ФИФА рейтингінде 127-орында тұрған Фарер аралдары Қазақстанды жеңді.