«Миланның» және Қазақстан құрамасының экс-ойыншысы мансабында алғаш рет КПЛ-де ойнайды. Ол ұлттық құрама сапында бірнеше ойын өткізген.
Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы Александр Меркель мансабында алғаш рет Қазақстан Премьер-Лигасында өнер көрсетеді, деп хабарлайды AmanVIBE.kz.
Жартылай қорғаушы жаңа клубы – «Жеңіс» ФК-ның оқу-жаттығу жиынына келіп, команда сапындағы алғашқы жаттығуын өткізді.
Меркель қазақстандық жанкүйерлерге ұлттық құрамадағы ойындарымен жақсы таныс. Ол алғаш рет 2015 жылы Қазақстан құрамасына шақырту алып, Исландияға қарсы жолдастық матчта алаңға шыққан. Төрт жылдан кейін жартылай қорғаушы қайтадан ұлттық құрамаға оралып, Шотландия және Ресей құрамаларына қарсы ойындарға қатысты. Алайда құжаттарға байланысты туындаған қиындықтар салдарынан ұлттық құрамадағы мансабын жалғастыра алмады.
Александр Меркельдің клубтық мансабы кең географияны қамтиды. Әр жылдары ол Италияның «Милан», «Дженоа» және «Удинезе» клубтарында, Англияның «Уотфордында», Швейцарияның «Грассхопперсінде», сондай-ақ Германия, Сауд Арабиясы, Түркия, Нидерланд және Австрия клубтарында өнер көрсетті. Жартылай қорғаушының соңғы клубы Дубайдың «Легентус» командасы болды.