Атырау облысының билігі "Атырауды" жеке меншікке беруді жоспарлап отыр.
Қазір клубтың нарықтық құнын тәуелсіз бағалау жүріп жатыр. Бағалау аяқталған соң тендер жарияланып, ал сату рәсімі ақпан айына жоспарланған.
Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, құнды анықтаумен мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік бағыты бойынша тапсырыс алған тәуелсіз бағалау компаниясы айналысуда. Бағалау барысында клубтың материалдық-техникалық базасы, спорттық нәтижелері ескерілмек.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2017–2025 жылдары “Атырау” клубы сенімгерлік басқаруда болған. Алайда облыс әкімдігі бұл кезеңді тиімді деп санамайды. Өткен маусымда команда Премьер-лигада соңғы орынға тұрақтаған.
Сыдықов жекешелендіру бойынша арнайы тапсырма барын айтып, процестің заң аясында өтетінін және әлеуметтік желідегі “жаңа иесі белгілі” деген ақпараттар әзірге расталмайтынын жеткізген. Сондай-ақ тендер құжаттарында сатып алушы компанияға қойылатын талаптар көрсетілетіні, қазір әлеуетті инвесторлармен келіссөз жүріп жатқаны хабарланды.