Жаңа маусымда жекеге өткен "Ақтөбе" трансферлік ауысым кезеңін өте қызықты бастауда. Клубқа ҚПЛ чемпионы болу тапсырмасы қойылатыны түсінікті.
Ресейлік спорт сарапшысы әрі журналис Микеле Антонов ASnews.kz-ке берген пікірінде "Ақтөбенің" трансферлік жұмысына тоқталды.
Бұған дейін ақпарат құралдары қазақстандық клубтың Миралем Пьянич пен Луиш Наниге қызығушылық танытып отырғанын жазған еді.
Антоновтың айтуынша, бұл қадамды "арзан хайп" деуге келмейді. Оның ойынша, "Ақтөбе" клубын Қазақстаннан тыс жерде де танытып, Еуропа мен әлемдік аудиториядан жанкүйер тартуды көздеп отыр.
"Бұл туралы көп айтылады. Медиалық жағынан алғанда – өте дұрыс шешім", – деді ол.
Сарапшы "ақ-қызылдардың" бастамасын алматылық клубтың медиалық белсенділігімен салыстырып, Чемпиондар лигасында "Реалға" қарсы өткен жуырдағы ойынды мысалға келтірді.
"Кейбіреулер “Ақтөбе” екінші “Қайрат” болғысы келеді дейді. Ресейде “Қайрат” жайлы “Реалмен” матчтан кейін ғана жиі айтыла бастады, ол бір күннің емес, тұтас айдың басты тақырыбына айналды", – деді Антонов.
Ол сондай-ақ жағдайды Пьяничтің ЦСКА-ға ауысуымен ұқсатты:
"Бұл тек медиа үшін емес, алаңдағы тәжірибелі ойыншы ретінде де маңызды болды. “Ақтөбеде” де дәл сондай сценарий болуы мүмкін", – деп түйіндеді.
Еске салайық, 39 жастағы Луиш Нани Алматыға келіп үлгерді және жақын күндері медициналық тексерістен өту үшін Ақтөбеге бармақ. Еуро-2016 мен Чемпиондар лигасының жеңімпазы, АПЛ-дың төрт дүркін чемпионы атанған португалиялықтан бөлек, "ақ-қызылдар" "Ювентус" пен "Барселонада" өнер көрсеткен, Италия чемпионы атанған және бірнеше мәрте символикалық құрамаларға енген Миралем Пьяничті де қатарға қосуды көздеп отыр.
Оқи отырыңыз: