Футболшы матч кезінде құсты "тірілтті" (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі

Түркиядағы әуесқой футбол лигасының финалында күтпеген оқиға болды. Ойынға шағала араласып, доп соққысынан есінен танып қалған құсты футболшылар жедел әрекетпен аман алып қалды. Оқиға “Мевланакапи Гузельхисар” – “Истанбул Юрдум Спор” кездесуінде тіркелген.

Футболшы матч кезінде құсты "тірілтті" (ВИДЕО)
amatorlig.net

Оқиға қалай болды?

Матчтың 22-минутында “Истанбул Юрдум Спор” командасының қақпашысы Мухаммет Уяник өз алаңынан допты алысқа тебемін деп, кездейсоқ шағалаға дәл тигізіп алған. Құс алаңға құлап, қозғалыссыз жатып қалды.

Ойыншылар бір сәтке абдырап қалғанымен “Истанбул Юрдум Спордың” капитаны Гани Катан құстың демі тоқтағанын байқап, жүрек-өкпе реанимациясын жасауға кіріскен.

Шағала есін жиып, дәрігерлерге тапсырылды

Катанның әрекетінен кейін шағала қайтадан есін жиған. Артынша құсты алаң шетіне шығарып, медициналық қызметкерлерге тапсырған.

Қызығы, “Истанбул Юрдум Спор” бұл финалда жеңіліп, дивизион чемпионы атағын ала алмады. Бірақ матч нәтижесінен бұрын, дәл осы эпизод көпшіліктің есінде қалды.

Гани Катанның сөзін жергілікті медиа былай келтіреді:

“Чемпиондықтан айырылып қалдық, бірақ бір өмірді сақтап қалуға көмектесу — әлдеқайда маңызды. Бұл чемпиондықтан да жоғары.”

Видеодан кейін даулы пікірлер көбейді

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап, тез танымал болды. Әуелде кейбір қолданушылар “нейрожелі жасаған” деп күмәнданған. Алайда жазбаның шынайы екені белгілі болған соң, пікір екіге жарылды.

Бір бөлігі футболшыны сынады:

  • “Реанимация соққыдан да қауіпті болды”;
  • “Кішкентай жануарға ЖӨР әлдеқайда жұмсақ жасалуы керек, бірнеше саусақпен ғана…”
  • деп жазды.

Екінші тарап керісінше қолдау білдірді:

  • “Нағыз азамат — жанашыр, қорған бола біледі”;
  • “Ол өте жылдам әрекет етті, құстың жазылып кетуін тілеймін”;
  • “Мүмкін ветеринар шығар, тым кәсіби көрінеді”;
  • “Бұл адам — батыр” деген пікірлер де көп.

Құстың қанаты зақымданған

БАҚ мәліметінше, шағала медицина қызметкерлеріне тапсырылған кезде оның қанаты жарақат алғаны анықталған. Енді құсқа ем қажет. Дегенмен ең бастысы — шағала тірі қалған. Кей ақпарат көздері құс кейін клубтың жаңа символына айналуы мүмкін екенін де жазып отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір