Ақтаулық "Каспий" Португалиядан легионер шақырды. Орталық қорғаушы Бернардо Моргадо мансабын Қазақстанда жалғастырып, клубпен келісімшартқа қол қойғаны хабарланды.
27 жастағы Моргадоның ең соңғы командасы – Швецияның “Дегерфорс” клубы. Журналист Елдар Аманбаевьың дерегінше, ол бұл ұжымда екі маусымда 33 матч өткізген. Ал өткен маусымда Швеция чемпионатында 15 ойынға қатысқан.
Айта кетейік, швециялық БАҚ-тар Моргадоның “Дегерфорстан” келісімшарты аяқталғанын жазған.
Бернардо Моргадо Португалиядағы әйгілі мектептердің бірі саналатын “Спортинг” жүйесінде, сондай-ақ “Витория Сетубал” құрылымында тәрбиеленген ойыншы.
Transfermarkt мәліметінше, португалиялық қорғаушының нарықтық құны шамамен 200 мың еуро деңгейінде.
Өткен маусым қорытындысында “Каспий” Бірінші лигада чемпион атанып, алдағы маусымда Қазақстан Премьер-лигасын бастайды. Ақтаулық клубтың ресми ресурстарында да команданың алтын медаль алғаны туралы жазылған.