Шымкентте "Жастар" турниріндегі (U-16) "Қайсар" мен "Қызылжар" арасындағы кездесу ауа райының күрт құбылуына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Матч БИІК спорт кешенінің қар басқан алаңында өтті. Қалың қар жауып тұрғанына қарамастан жас футболшылар бір сағаттан астам уақыт бойы ойынды жалғастырған.
Кездесудің негізгі уақыты толық аяқталмай жатып, бас төреші ойыншылардың қауіпсіздігіне байланысты матчты ерте тоқтатуға мәжбүр болды. Осыдан кейін екі команда да киім ауыстыратын бөлмеге жіберілді.
Ойын тоқтатылған сәтте таблодағы есеп 1:1 болып тұрған.
Қалың қар жауып, алаң толық аппақ түске енгеніне қарамастан қос команда матчты жалғастыруға тырысқан. Осындай күрделі жағдайда өткен ойын видеосы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Ал негізгі құрамаларға келсек, өткен демалыс күндері екі клуб та ҚПЛ-2026 маусымындағы алғашқы матчтарын өткізді.
"Қайсар" Қызылордада "Жеңіспен" 1:1 есебімен тең түссе, "Қызылжар" өз жанкүйерлері алдында "Каспийден" 2:1 есебімен басым түсті.