ҚФФ матчтардың трансляциясын тоқтатты. Не себеп?
Қазақстан футбол федерациясы Бірінші және Екінші лига матчтарының телевизиялық көрсетілімдері уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
2026 жылдың наурыз айында ҚФФ футбол матчтарын телевизиялық өндіру қызметіне арналған ашық конкурс өткізген. Алайда бірінші тур ойындарын тексеру нәтижесінде көрсетілім сапасы бекітілген стандарттарға сәйкес келмегені анықталды.
Техникалық ақаулар
1 сәуірде өткен Екінші лига матчтарының алғашқы турында онлайн көрсетілімде техникалық мәселелер байқалған. Трансляция кезінде кей сәттерде ойын есебі, матч уақыты, командалардың атауы көрсетілмеген. Бұл жағдай жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырады. Сонымен қатар бұрын осы қызметті атқарған “INHockey” компаниясымен жасалған келісімшарт бұзылғаны белгілі болды.
Федерация мәліметінше, футбол матчтарының телевизиялық көрсетілімін қамтамасыз ететін жаңа операторды анықтау үшін конкурс қайтадан өткізіледі. Ал трансляциялар жаңа серіктес анықталғаннан кейін YouTube арнада қайта іске қосылады.
“Құрметті жанкүйерлер! Бірінші, Екінші және Әйелдер лигалары матчтарының трансляцияларын ұйымдастыру бойынша конкурстық іріктеу рәсімі қайта жарияланды. Іріктеу рәсімі аяқталып, жеңімпаз анықталғаннан кейін матч трансляциялары 3-турда YouTube арнамызда қайта жалғасады”.
Сапа нашарлады ма?
Осыған дейін қазақстандық футбол матчтарын түсірумен айналысатын продюсер Ақылбек Досжанов жаңа маусымдағы трансляциялардың жағдайына байланысты пікір білдірген.
“Біз әр матчқа үлкен жауапкершілікпен қарадық. Тек ҚПЛ ойындарын ғана емес, Бірінші, Екінші және Әйелдер лигасының матчтарын да бірнеше камерамен түсірдік. Мен трансляциядан үнемдеуге болмайды деп есептеймін. Өздеріңіз бағамдап көріңіздер:
- Өткен маусымда ҚПЛ матчтары 8 камерамен түсірілді, қазір – 7
- Бірінші лига матчтары 7 камерамен түсірілді, енді – 4
- Екінші лига матчтарын біз 5 камерамен түсірдік, қазір – 4
- Әйелдер лигасы 7 камерамен түсірілсе, қазір – 4.”