Джон Терри клуб иесі атануға жақын

Сарапшы, спорт журналисі

"Челси" аңызы "Колчестер" клубын сатып алғалы жатыр. 

Джон Терри клуб иесі атануға жақын
news.sportbox.ru

Англия футболының аңызы, "Челси" клубының бұрынғы капитаны Джон Терри "Колчестер Юнайтед" клубын сатып алуға жақын. Бұл туралы британдық БАҚ хабарлады.

Кәсіби мансабын аяқтағаннан кейін Джон Терри өзін бапкерлік бағытта сынап көрді. Алайда тәжірибенің аздығы және бұрынғы даулы жағдайлар біршама кедергі келтірді.

Сондықтан 45 жастағы маман енді футбол индустриясында жаңа бағытты таңдады. Яғни клуб иесі болуға бет бұрды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Терри "Колчестерді" тек өзі емес, инвесторлар тобымен бірге сатып алмақ. Келісімнің жалпы құны шамамен 14 миллион фунт стерлингті құрайды.

Жоспар бойынша, Терри клубты басқаруда маңызды рөлге ие болады.

Жаңа тренд: жұлдыздар мен футбол

Соңғы жылдары әлемдік жұлдыздардың футбол клубтарын сатып алуы жиілеп келеді. Мысалы:

  • Райан Рейнольдс – "Рексем"
  • Снуп Догг – "Суонси"
  • Уилл Феррелл – "Лидс"

Джон Терридің бұл қадамы да осы трендтің жалғасы ретінде қарастырылуда.

"Колчестер" туралы

Қазіргі таңда "Колчестер Юнайтед" Англияның төртінші дивизионында өнер көрсетеді. Команда өз матчтарын 10 100 көрерменге арналған стадионда өткізеді.

Соңғы маусымда клуб турнирлік кестеде 13-орында келеді.