ҚФФ турдағы даулы эпизодтарға түсініктеме берді

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстан футбол федерациясы ҚПЛ-2026 маусымының бесінші турында болған бірқатар даулы сәттерге ресми түсініктеме жасады.

ҚФФ турдағы даулы эпизодтарға түсініктеме берді
instagram/@fctobol

ҚФФ төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру ойын ережелеріне сүйене отырып, жекелеген матч эпизодтарын талдап шықты.

Төменде бесінші тур кездесулеріндегі негізгі даулы сәттер мен оларға берілген ресми баға ұсынылады.

"Оқжетпес" — "Ертіс": екі эпизодта да пенальти дұрыс белгіленген

72-минут: VAR пенальтиді дұрыс ұсынды

Қонақ команданың айып алаңында №63 шабуылшы допты күтіп, оған оң аяғымен ойнауға әрекет жасайды. Сол сәтте арт жағынан жеткен №27 қорғаушы допқа ұмтылғанымен ұқыпсыз қимылдап, доптың орнына қарсыласының аяғынан тебеді. Соның салдарынан шабуылшы жерге құлайды.

Бас төреші бұл сәтте ыңғайлы позицияда болмағандықтан ережебұзушылықты бірден байқамаған.

ҚФФ қорытындысы бойынша:

VAR араласуы — дұрыс

Қорытынды шешім — дұрыс

Пенальти белгілеу — орынды

82-минут: қақпашының әрекеті анық ереже бұзушылық деп танылды

Алаң иелері айып соққысын орындағаннан кейін доп қонақтардың айып алаңына асырылады. №11 шабуылшы  баспен ойнауға секірсе, №16 қақпашы допты қағып жіберуге ұмтылады. Алайда ол тізесін көтеріп, орташа күшпен шабуылшының арқасына тиеді. Нәтижесінде футболшы тепе-теңдігін жоғалтып, құлап түседі.

Төреші алаңдағы орнын дұрыс таңдағанымен эпизод шабуылшының ар жағында болғандықтан оны байқамай қалған.

ҚФФ бұл жағдайға да нақты баға берді:

VAR араласуы — дұрыс

Қорытынды шешім — дұрыс

Пенальти белгілеу — әділ шешім

"Астана" — "Ордабасы": белгіленген пенальти қате болған

19-минут: доп қолға тимеді

Алаң иелерінің айып алаңында №45 шабуылшы мен №4 қорғаушы доп үшін таласқа түседі. Екеуі де жоғары секіріп, шабуылшы баспен соққы жасайды. Осыдан кейін доп өте жақын қашықтықтан қорғаушының қолына тиеді.

Бірақ қорғаушының қолы табиғи қалыпта болған және дене аумағын әдейі үлкейтпеген. Соған қарамастан төреші пенальти белгілеген.

ҚФФ шешімі:

VAR араласуы — дұрыс

Қорытынды шешім — дұрыс

Пенальтиді бейнеқайта қараудан кейін алып тастау — дұрыс шешім

"Жетісу" — "Елімай": ойынды жалғастыру туралы шешім дұрыс болған

79-минут: қарапайым ойындық түйісу

Ұзын пастан кейін қонақ команданың айып алаңында №5 қорғаушы мен №77 шабуылшы әуедегі допқа таласады. Доп жоғары серпіліп кеткеннен кейін екі ойыншы да соған қарап, бір бағытта қозғалады. Шабуылшы алда келе жатады, ал қорғаушы бұрылған сәтте олардың арасында кәдімгі соқтығыс болады.

ҚФФ бұл жерде ереже бұзушылық болмағанын атап өтті.

Ресми қорытынды:

VAR араласпауы — дұрыс

Ойынды жалғастыру туралы шешім — дұрыс

"Қызылжар" — "Жеңіс": төреші де, VAR-да қателік жіберген

37-минут: айқын пенальти берілмеген

Алаң иелерінің шабуылы кезінде №10 шабуылшы допты бақылауда ұстап, қонақтардың айып алаңына енеді. Ол №8 бен №10 қорғаушылардан өтіп кеткен соң, №93 қорғаушы допқа ұмтылады. Бірақ допқа дәл тимей, қарсыласын қағып түсіреді.

Бас төреші бұл сәтте ойынды тоқтатпай, кездесуді жалғастырған. Ал VAR араласпаған.

ҚФФ бағалауы бойынша:

VAR араласпауы — қате

Төрешінің қорытынды шешімі — қате

Бұл эпизодта пенальти белгіленуі тиіс еді