Қытай қазағы Талпын Есдәулет Польшада доп тебеді
22 жастағы вингер бұған дейін Қытай мен Сербия клубтарында өнер көрсеткен.
Қытайда туған этникалық қазақ футболшысы Талпын Есдәулет мансабын Еуропада жалғастыруға жақын. 22 жастағы вингер Польшаның Слупск қаласынан шыққан "Гриф" клубымен келісімшартқа отырмақ.
Бұл команда Польша футбол жүйесіндегі төртінші дивизионда өнер көрсетеді.
Талпын Есдәулет кім?
Талпын Есдәулет Іле-Қазақ автономиялық округінде дүниеге келген. Ол Қытайдағы футбол академияларының бірінде тәлім алып, кейін жергілікті Суперлигада өнер көрсететін "Наньтун Чжиюнь" клубының намысын қорғаған.
Футболшы бұған дейін Еуропада да бақ сынап көрген. Ол Сербияның "Рад" және ИМТ клубтарында доп тепті. Ал 2026 жылдың басында Словакияның "Йеднота Банова" командасының қарауында жүрді. Алайда сол кезде еңбек визасын рәсімдеуге қатысты қиындықтарға байланысты келісім жүзеге аспай қалды.
Польша клубымен келісімге кедергі жоқ
Қазіргі таңда Талпын Есдәулет Еуроодақ аумағында жұмыс істеуге рұқсат алған. Бұл оған Польша клубымен ресми еңбек келісімін жасауға мүмкіндік береді. Осылайша "Гриф" футболшының Еуропадағы кезекті клубына айналуы мүмкін.
Бұған дейін Есдәулет Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткісі келетінін айтқан болатын. Футболшы тіпті Қазақстан құрамасында немесе жергілікті клубтарда ойнау үшін азаматтығын ауыстыруға дайын екенін де мәлімдеген еді.
Дегенмен әзірге оның мансабы Польша бағытымен жалғасатын секілді. Егер "Грифпен" келісімшарт ресми түрде рәсімделсе, Талпын Есдәулет Польша футболындағы алғашқы кезеңін бастайды.