Лионель Месси ресми түрде миллиардер атанды
Bloomberg дерегіне сәйкес, 38 жастағы футболшының жалпы байлығы бір миллиард доллардан асқан.
2007 жылдан бері қанша табыс тапты?
Дереккөз мәліметінше, Лионель Месси 2007 жылдан бері шамамен 700 миллион доллар табыс тапқан. Бұл сомаға оның клубтардағы жалақысы, бонустары және түрлі демеушілік келісімдерден түскен қаржы кіреді.
Аргентиналық жұлдыз ұзақ жылдар бойы әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшылардың қатарында болды. Оның табысына алаңдағы жетістіктерімен қатар, әлемдік брендтермен жасаған келісімдері де үлкен әсер етті.
Месси Роналдудан кейін екінші
Лионель Месси Bloomberg миллиардерлер индексіне енген екінші футболшы атанды. Бұған дейін бұл тізімге Сауд Арабиясының ”Әл-Наср” клубында ойнайтын Криштиану Роналду кірген еді. Роналду Bloomberg тізіміне 2025 жылдың қазан айында енген.
Лионель Месси 2023 жылдан бері “Интер Майами” сапында өнер көрсетіп келеді. Оның АҚШ чемпионатына ауысуы әлем футболындағы ең үлкен оқиғалардың бірі болды.
Мессидің келуімен америкалық клубтың танымалдығы күрт артып, командаға деген халықаралық қызығушылық күшейді. Аргентиналық футболшы MLS жобасының әлемдік деңгейде насихатталуына да зор ықпал етті.
Тарихтағы ең титулды футболшы
Лионель Месси кәсіби мансабында 46 трофей жеңіп алып, футбол тарихындағы ең көп атаққа ие ойыншы саналады.
Оның басты жетістіктерінің бірі — 2022 жылғы әлем чемпионатындағы жеңіс. Сол турнирде Месси Аргентина құрамасын алға бастап, әлем чемпионы атанды.