Нұралы Әліп "Зениттің" чемпиондық шеруінен репортаж жасады
Қазақстан құрамасы мен Санкт-Петербургтің "Зенит" клубының қорғаушысы Нұралы Әліп команданың чемпиондық шеруінен ерекше бейнерепортаж түсірді.
Әліп репортажды қалай бастады?
Репортаж Санкт-Петербург көшелерімен жүрген қосқабатты автобус ішінде және қала орталығындағы мерекелік атмосферада түсірілген.
Видео Нұралы Әліптің:
“Сіздермен бірге — “Зенит” шығарылымы”, – деген сөзімен басталады.
Қазақстандық қорғаушы автобустың екінші қабатында командаластарымен әңгімелесіп, мерекелік көңіл күйді көрсетті. Сондай-ақ ол чемпиондық футболкалардың бірін өзіне алып қалған.
Кейін Нұралы Әліп автобустан түсіп, қала көшесіндегі жанкүйерлермен тілдесті. Бір сәтте ол кішкентай жанкүйерге басындағы қалпағын беруден әзілмен бас тартты. Футболшы мұны қалпақсыз “таз басы көрініп қалады” деп түсіндірген.
Тағы бір қызықты эпизодта көшедегі жанкүйердің ұсынысымен Әліп оралған футболканы үй терезесінен қарап тұрған әйел мен балаға лақтырмақ болды. Бірінші әрекеті сәтсіз шыққанымен, екінші мүмкіндігінде футболканы дәл жеткізді. Бұл сәтті жиналған жұрт қошеметпен қарсы алды.
“Алға, Қазақстан!” деген ұран естілді
Видео соңында Нұралы Әліп сахнаға қарай өтіп бара жатып:
“Алға, Қазақстан!”, – деп айқайлады.
Кейін командаластарымен бірге жанкүйерлер алдына шықты. Бұл кезде алаңда жиналған көпшілік “Чемпиондар!” деп ұрандатты.
“Зенит” РПЛ чемпионы атанды
“Зенит” 2025/26 жылғы Ресей Премьер-лигасы маусымында алтын медальді мерзімінен бұрын жеңіп алды. Бұл — петербургтік клубтың тарихындағы 12-чемпиондық атағы.
Маусымның шешуші кезеңінде «Зенит» 30-турда сырт алаңда “Ростовты” 1:0 есебімен ұтты. Матчтағы жалғыз голды 14-минутта Александр Соболев пенальтиден соқты.
Қорытынды кестеде “Зенит” 68 ұпай жинап, екінші орын алған “Краснодардан” екі ұпайға озып кетті.
Нұралы Әліп ресейлік клубқа 2022 жылдың ақпанында жалға алу құқығымен ауысқан еді. Ал сол жылдың желтоқсанында “Зенит” оның трансферін “Қайраттан” толық сатып алды.