"Астана" өз алаңында "Ұлытауды" ойсырата жеңді (ВИДЕО)
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 11-турында "Астана" Жезқазғанның "Ұлытау" қақпасына жауапсыз үш доп соқты.
Бірінші голды Рамазан Каримов соқты
Матчтағы есеп 23-минутта ашылды. Сол қапталдан жасалған нәтижелі пастан кейін Мақсат Абраев допты айып алаңына бағыттады. Осы сәтте Рамазан Каримов дәл соққы жасап, баспен гол соқты.
Екінші тайм басталғаннан кейін көп ұзамай алаң иелері басымдығын арттырды. 49-минутта бұрыштама добынан кейінгі комбинация нәтижесінде Бауыржан Исламхан допты ыңғайлы бағытқа шығарды. Бұл мүмкіндікті Станислав Басманов мүлт жібермей, әдемі соққымен “Астананың” екінші голын соқты.
Калаица матч нүктесін қойды
Кездесудің соңына қарай елордалықтар тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. 87-минутта хорватиялық қорғаушы Бранимир Калаица мергендігімен көзге түсіп, есепті 3:0-ге жеткізді.
11 турдан кейін “Астана” 18 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді. “Ұлытау” да 18 ұпаймен бесінші орында тұр. Екі команданың ұпай саны тең болғанымен қосымша көрсеткіштер бойынша елордалық клуб қарсыласынан жоғары орналасқан.
Келесі турда “Астана” Өскеменде “Алтай” командасымен кездеседі. Ал “Ұлытау” Павлодарда жергілікті “Ертіске” қарсы матч өткізеді.