"Айыппұл сала ма, әлде қалыпты жағдай ма?": "Қайрат" футболшысының әрекеті желіде қызу талқыланды
"Қайраттың" аргентиналық ойыншысы Себастьян Себальос балалар алаңында жеткіншектермен бірге жүрген сәт әлеуметтік желі қолданушыларының назарында қалды.
Себальос балалармен футбол ойнады ма?
Әлеуметтік желіде тараған видеода "Қайрат" ойыншысы Себастьян Себальостың балалар алаңында жүргені байқалады. Бейнеролик авторының айтуынша, футболшы жергілікті балалармен бірге доп тепкен.
Видео қысқа уақыт ішінде көпшілікке тарап, желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды.
Көптеген жанкүйер Себальостың бұл әрекетін жылы қабылдады. Олардың сөзінше, легионердің балалармен еркін араласуы оның қарапайым әрі ашық мінезін көрсетеді.
"Өзіміздің қарапайым жігіт сияқты!"
"Рикардиньо секілді, үнемі күлімдеп жүреді"
"Жұлдыз ауруына шалдықпаған екен!" деп жазды әлеуметтік желідегі қолданушылар.
Желіде пікір екіге бөлінді
Дегенмен футболшының әрекетін қолдамағандар да табылды. Кейбір пікір иелері кәсіби ойыншының бейресми жағдайда футбол ойнауы жарақат алу қаупін арттыруы мүмкін екенін алға тартты.
Олардың айтуынша, қазіргі футболшылардың келісімшарттарында қауіпті спорт түрлерімен айналысуға немесе клуб рұқсатынсыз белгілі бір белсенді әрекеттер жасауға шектеу қойылуы ықтимал.
"Қазір клуб оған үлкен айыппұл салуы мүмкін..."
"Келісімшартта мұндай тармақтар болады. Мысалы, қорғанышсыз жаттығуға шықса да айыппұл салады. Ал жарақат алып қалса, кім жауап береді?"
"Қазіргі футболшыларға сноуборд, шаңғы, банджи-джампинг, мотоспорт, альпинизм сияқты қауіпті істермен айналысуға болмайды" деген пікірлер жазылды.
"Қайрат" ойыншының әрекетіне қатысты жауап берді
Дегенмен видеодан Себальостың нақты футбол ойнағаны немесе балалармен жай ғана сөйлесіп тұрғаны анық көрінбейді.
Ал "Қайрат" клубы бұл жағдайда футболшы тарапынан келісімшарт талаптары бұзылды деп есептемейді.
Клуб өкілдерінің айтуынша, ойыншылар бос уақытында жанкүйерлермен, балалармен араласа алады. Ең бастысы — бұл командалық тәртіпке және қауіпсіздік талаптарына қайшы келмеуі керек.
"Клуб бұл әрекеттен ешқандай өрескелдік көріп тұрған жоқ. Футболшылар бос уақытында футбол ойнап, балалармен және жанкүйерлермен сөйлесе алады. Егер бұл команданың тәртібі мен қауіпсіздік нормаларын бұзбаса, ешқандай айыппұл қарастырылмайды", - деп жауап берді клуб.
Себальос "Қайратқа" қашан келді?
Айта кетейік, аргентиналық Себастьян Себальос "Қайрат" клубына 2026 жылдың басында Эквадор чемпионатынан ауысып келген.
Осы уақыт ішінде "Қайрат" сапында жеті матчқа қатысып, бір нәтижелі паспен көзге түсті.