Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының символикалық құрамына енді
"Қайрат" ФК қақпашысы Темірлан Анарбеков 2025/2026 маусымындағы Чемпиондар лигасының символикалық құрамына енгізілді. Үздік ойыншылар тізімін статистикалық Flashscore порталы жариялаған.
Символикалық құрамда кімдер бар?
Қақпашы турнирдегі өнері үшін 7,7 ұпай алып, Чемпиондар лигасының ең үздік ойыншыларынан жасақталған құрамда қақпашы орнына таңдалды.
Flashscore нұсқасы бойынша Чемпиондар лигасының символикалық құрамына мына футболшылар кірді:
Анарбеков, Бастони, Ван Дейк, Родиней, Диас, Витинья, Олисе, Ямаль, Мбаппе, Кейн және Кварацхелия.

Бұл тізімге Темірлан Анарбековтың енуі — қазақстандық футбол үшін маңызды жаңалық. Әсіресе "Қайраттың" турнирдегі нәтижесі сәтті болмағанына қарамастан қақпашының жеке ойыны жоғары бағаланды.
Чемпиондар лигасындағы статистикасы
Биылғы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде Темірлан Анарбеков 6 матч өткізді. Ол барлық кездесуде толық ойнап, алаңда 540 минут болды.
Осы уақыт аралығында 13 гол жіберіп алды. Сонымен қатар бір кездесуде өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңін соңғы орында аяқтады. Команданың алғашқы екі кездесуінде қақпаны Шерхан Қалмырза қорғады.
Ол екі матчта жалпы 9 гол жіберді. Лиссабондық "Спортингтен" — 4, мадридтік "Реалдан" — 5 гол.