Қазақстандық футболшы Испаниядағы өмірдің таңғалдырған тұстарын айтты
Испаниядағы "Леванте" клубының жүйесінде өнер көрсететін қазақстандық қорғаушы Шыңғыс Қалиев жаңа ортаға бейімделу, шетелдіктердің Қазақстан туралы түсінігі жөнінде пікір білдірді.
“Тіл білмеу қиын болды”
Футболшы Испанияға көшкеннен кейінгі алғашқы кезең оңай болмағанын айтты.
“Қиын сәттер болды. Тіл білмегендіктен сөйлесетін адам тапшы еді. Бейімделуіме негізінен командаластарым көмектесті. Кейбірі ағылшын тілін білетін, сондықтан аударып беріп жүрді”, – деді Қалиев.
Жас қорғаушыны Испаниядағы өмір ырғағы да таңғалдырған.
“Мені испандардың демалысты жақсы көретіні таңғалдырды. Олар үнемі жаттыға бермейді, демалып, ұйықтағанды ұнатады.”
Қалиевтің айтуынша, Испанияда Қазақстан туралы білетін адамдар көп емес.
“Біз Қазақстан туралы білесіңдер ме деп сұрағанда, көпшілігі елімізді білмейтін болып шықты”
Сұхбат барысында футболшы Испанияның атақты клубтарының арасынан корольдік атаққа ие “Реал Мадридті” таңдады.
Шыңғыс Қалиев 2024 жылы Испанияның “Леванте” клубының жүйесіне қосылды. Бұған дейін ол “Қайрат” және “Ертіс” академияларында тәлім алған. Қазіргі уақытта Қазақстанның U-19 жасөспірімдер құрамасы сапында өнер көрсетеді.