Қостанайлық клуб құрамын франциялық ойыншымен күшейтті
Келісімнің нақты мерзімі мен қаржылық шарттары жарияланған жоқ.
Қостанайлық "Тобыл" құрамын жаңа легионермен толықтырды. Клуб франциялық орталық қорғаушы Райан Сенхаджимен келісімшартқа отырғанын ресми түрде хабарлады.
"Франциялық орталық қорғаушы "Тобылмен" келісімшартқа қол қойды. Бойы 190 сантиметр қорғаушы алаңдағы жылдамдығымен және әуе доптарындағы сенімді ойынымен ерекшеленеді. Әзербайжан чемпионатында әуедегі допқа талас-тартыстың шамамен 92 пайызын өз пайдасына шешкен" - делінген клубтың ресми хабарламасында.
29 жастағы футболшы — Франция азаматы, алжирлік тегі бар. Келісімнің нақты мерзімі мен қаржылық шарттары жарияланған жоқ.
Сенхаджи қай клубтарда ойнаған?
Райан Сенхаджи футболдағы жолын Францияның "Сошо" клубының жүйесінде бастаған. Кейін әр жылдары бірнеше ел чемпионатында тәжірибе жинады.
Ол Францияда "Безьерс" пен "Сошо" сапында, Болгарияда "Монтана", "Пирин" және "Левски" клубтарында, Данияда "Яммербугт" командасында, Алжирде "ЖС Кабилия" сапында, Ресейде "Факел" құрамында және Әзербайжанда "Сумгаит" клубында өнер көрсеткен.