"Марат Омаровпен көзқарасымыз қабыспады": Давид Лория ҚФФ-тен кету себебін жайып салды

Бас редактор

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

"Марат Омаровпен көзқарасымыз қабыспады": Давид Лория ҚФФ-тен кету себебін жайып салды
Sportnews.kz

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лория Қазақстан футбол федерациясы құрылымынан кетті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Лория не деді?

Давид Лорияның айтуынша, ҚФФ президенті Марат Омаров оған федерация вице-президенті қызметінде қалуды ұсынған. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартқан.

"Бүгін мен Қазақстан футбол федерациясындағы жұмысымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. ҚФФ президенті Марат Омаров вице-президент қызметінде жұмысты жалғастыруды ұсынды. Алайда біздің футболды дамытуға қатысты көзқарасымыз бен өмірлік құндылықтарымыз кейбір аспектілерде қабыспады", — деп жазды Лория.

"Футбол игілігі үшін жұмысымды жалғастырамын"

Лория федерациядағы қызметі кезінде маңызды жобалар жүзеге асқанын, өзі үлкен басқарушылық тәжірибе жинағанын атап өтті.

Ол алдағы уақытта да Қазақстан футболының дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

"Федерациядағы қызмет барысында маңызды жобалар іске асты, үлкен басқарушылық тәжірибе алдым және қазақ футболының алдында тұрған қиындықтарды толық қабылдадым. Мен өз кезегімде футбол игілігі үшін жұмысымды жалғастырып, осы саладағы тәжірибемді пайдаланамын", — деді ол.

Давид Лория өз жазбасында әріптестеріне, клубтарға, өңірлік федерацияларға, бапкерлерге, функционерлерге, футболшыларға және футбол саласында бірге жұмыс істеген өзге де адамдарға алғыс білдірді. Сонымен қатар ұлттық құрамалар мен клубтарға сәттілік тіледі. 

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Давид Лория ҚФФ бас хатшысы қызметінен кеткен еді. Бұл қызметке ол 2025 жылдың 2 сәуірінде тағайындалған болатын.