ҚФФ-тен Давид Лория енді "Жеңісті" басқарады

Бокс шолушысы

Ал клубтың бас директоры қызметін атқарған Айдын Қожахмет енді жұмысын басқа бағытта жалғастырмақ.

ҚФФ-тен Давид Лория енді "Жеңісті" басқарады
jenisfk.kz

Астаналық "Жеңіс" футбол клубында басқарушылық өзгеріс болды. Клубтың жаңа бас директоры болып Давид Лория тағайындалды. Ал Айдын Қожахмет  жұмысын басқа бағытта жалғастырмақ. Бұл туралы ол өзінің Телеграм-арнасында хабарлады. 

Оның айтуынша, бұл шешім клубтың жаңа міндеттері мен алдағы даму кезеңіне байланысты қабылданған.

"Жеңісті" қайта жаңғыртқан адам

Айдын Қожахмет өз мәлімдемесінде Давид Лорияны "Жеңістің" қайта жаңғыруындағы басты тұлғалардың бірі деп атады. Оның сөзінше, Лория 2021 жылы клубты қазақстандық футбол картасына қайта шығаруға сүбелі үлес қосқан.

"Бүгіннен бастап клубтың бас директоры қызметін "Жеңістің" қайта жаңғыруына үлес қосқан Давид Лория атқарады. Оның пікірі мен білімі әрқашан клуб жұмысында салмақты аргумент болды", — делінген хабарламада.

Неге дәл Лория?

Қожахметтің айтуынша, қазіргі таңда "Жеңіске" тәжірибелі әрі мықты менеджер қажет. Ал Давид Лория бұл талапқа толығымен сай келеді.

Ол — "Жеңіс" клубының тәрбиеленушісі, команда сапында үш дүркін Қазақстан чемпионы атанған қақпашы. Сонымен қатар UEFA MIP бағдарламасының түлегі.

"Мұндай түйіндемеге артық түсініктеме қажет емес. Ол футболдағы жолын "Жеңістен" бастады, клубпен ең маңызды титулдарды жеңіп алды. Кейін ұзақ жылдар ұмыт қалған команданы қайта тірілтті. Енді туған клубын жаңа деңгейге шығару ғана қалды", — деп жазды Қожахмет.

Айта кетейік, жуырда ғана Давид Лорияның Қазақстан футбол федерациясы құрылымынан кеткені белгілі болған еді.