Бақтиер Зайнутдиновтың Мәскеудегі болашағы бұлыңғыр
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдиновтың Мәскеудің "Динамо" клубындағы болашағына қатысты трансферлік әңгімелер күшейіп келеді.
"Динамо" басшылығы бастапқыда трансферге күмәнмен қараған
Ресейлік инсайдер Александр Гуминскийдің мәліметінше, қазақстандық футболшы алдағы жазғы трансферлік кезеңде мәскеулік командадан кетуі ықтимал.
Гуминскийдің айтуынша, Зайнутдиновты шақыру мәселесінде "Динамо" ішінде толық қолдау болмаған. Клуб басшылығы мен медициналық штаб футболшының денсаулығына және жарақат алу қаупіне байланысты бұл келісімді тәуекелі жоғары трансфер ретінде бағалаған.
Әсіресе міндетті медициналық тексеріс кезінде жағдай күрделене түскен. Инсайдердің сөзінше, клуб дәрігерлерінің бірі қазақстандық ойыншымен келісімшарт жасамауды ашық түрде ұсынған.
Карпин Зайнутдинов үшін жауапкершілікті өз мойнына алған
Бірақ сол кездегі "Динамоның" бас бапкері Валерий Карпин шешуші сәтте Бақтиер Зайнутдиновты қолдап шыққан. Ол клуб ішіндегі күмәндарға қарамастан ойыншыны командаға алуды талап еткен.
"Менің білуімше, “Динамода” Зайнутдиновпен келісімшарт жасасуға аса құлықты адамдар көп болмаған. Медициналық тексеріс кезінде дәрігерлердің бірі бұл трансферден дереу бас тарту керек екенін айтқан. Бірақ Валерий Карпин: “Бұл трансфер үшін барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын”, — деп, Зайнутдиновты шақыруға табандылық танытты", — деді Гуминский.
Зайнутдинов жаңа клуб іздеуі мүмкін
Бапкердің сенімі арқылы Бақтиер Зайнутдинов "Динамо" сапына қосылғанымен футболшы мен клуб басшылығы арасында толық түсіністік жоқ деген ақпарат тарады. Осы жағдай оның Мәскеудегі мансабына әсер етуі мүмкін.
Егер тараптар ортақ шешімге келе алмаса, Қазақстан құрамасының ойыншысы жазғы трансферлік терезеде басқа командаға ауысуы ықтимал.
Аяқталған маусымда Бақтиер Зайнутдинов "Динамо" құрамында бар болғаны 10 матчқа қатысты. Қалған уақытта футболшы жарақатына байланысты ем қабылдап, алаңға тұрақты шыға алмады.
