ФИФА футболдағы ең даулы сәттердің бірін өзгертпек
Халықаралық футбол федерациясы әлем чемпионатында қолданылатын офсайдты анықтаудың жаңартылған технологиясын таныстырды. Жаңа жүйе төрешілердің шешім қабылдау уақытын қысқартып, ойын барысындағы даулы сәттерді азайтуға бағытталған.
Жаңа өзгерістер негізінде жетілдірілген жартылай автоматты офсайд жүйесі VAR қызметіне енгізілмек. Аталған технологияның көмегімен қапталдағы төреші шабуыл эпизодының толық аяқталуын күтпей-ақ шешім қабылдай алады. Егер футболшы қарсылас қақпасына қатысты 10 сантиметрден артық офсайд жағдайында тұрса, жүйе төрешінің көмекшісіне бірден дыбыстық белгі жібереді. Бұған дейінгі нұсқаларда ескерту тек 50 сантиметрден асқан жағдайда ғана берілетін. Соған қарамастан, жалаушаны көтеру немесе ойынды тоқтату туралы соңғы шешімді бұрынғыдай бас төреші қабылдайды.
Футболшылардың 3D-аватарлары жасалады
ФИФА әлем чемпионатына қатысатын барлық 1248 футболшының цифрлық моделін жасайды. Турнирге қатысатын 48 құраманың әрқайсысындағы 26 ойыншы арнайы сканерлеуден өтеді. Нәтижесінде жасанды интеллект негізіндегі 3D-аватарлар құрылып, офсайд сәттерін көрсету кезінде нақты әрі түсінікті анимациялар пайдаланылатын болады.
Жаңартылған жүйе тек офсайдпен шектелмейді. Футбол федерациясы гол соғылар алдында доптың алаңдағы қозғалысын анықтайтын технологияны да мақұлдады. Арнайы датчик орнатылған доп соңғы болып кімнің жанасқанын анықтап, бұрыштама немесе басқа да шешімдерді қабылдау кезінде VAR төрешілеріне қосымша мәлімет береді.
Жарақат қаупін азайту көзделген
Федерация өкілдерінің айтуынша, жаңа технология ойыншылар мен жанкүйерлердің наразылығын азайтып қана қоймай, қауіпті эпизодтардың алдын алуға да көмектеседі. Мысалы, 2025 жылы “Ноттингем Форест” шабуылшысы Тайво Авоньи офсайд белгісі кеш көтерілген соң қақпа бағанасына соғылып, ауыр жарақат алған. Осындай жағдайларды болдырмау үшін жүйе офсайдты мүмкіндігінше ерте анықтауға бағытталған.